Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының 30-жылдығы атап өтілді

БЕРЛИН, 2022 ж. 29 сәуір – Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының 30-жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі Неміс-Қазақ қоғамымен және «WorldPhil» қазақ-неміс оркестрімен бірлесіп, «HasSak» этно-фольклорлық ансамблі мен опера әншісі Зарина Алтынбаеваның концертін ұйымдастырды.

ҚР Халық әртісі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның «WorldPhil» оркестрімен бірге өнер көрсетуі Кештің кульминациясы болды.

«WorldPhil» – жас музыкант, доцент және «Kammerorchester Camerata Muntagnola» ансамблінің жетекшісі, Қазақстанның тумасы Эрвин Мунтаниол құрған қазақ-неміс оркестрі болып табылады. Музыкалық топтың негізгі мақсаты – дәстүрлі классикалық музыканың шекарасын кеңейту, тыңдарманға әртүрлі елдердің, халықтардың, мәдениеттердің дыбыстары мен әуендерінің қайталанбас үйлесімін жеткізу.

Германия астанасындағы классикалық музыканың жүрегі болып саналатын Берлин филармониясының Каммерлық залының сахнасында Ахмет Жұбановтың, Латиф Хамидидің және Евгений Брусиловскийдің шығармалары мен сүйікті қазақ халық әндері орындалды.

«HasSak» ансамблінің орындауындағы қазақтың ұлттық аспаптары – домбыраның, қобыздың, сыбызғының, жетігеннің, саз сырнайдың, ұранның, барбыттың үні неміс көрермендерін ерекше қуанышқа бөледі.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Қазақстан мен Германияның халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамытуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қазақ дипломаты екі ел арасындағы дипломатиялық, саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың берік іргетасы болып саналатын «жанды көпір» деп аталатын Қазақстандағы этникалық немістер мен Германияда тұрып жатқан бұрынғы отандастарымыздың ерекше рөлі туралы айтты.

Екі мемлекеттердің тарихындағы маңызды оқиғаға арналған концерт зор қошеметке ие болып, Германия астанасының тұрғындары мен қонақтарын қызықтырды.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/365316?lang=kk