ҚазҰӨУ колледжінде Этносольфеджио пәнінен алғашқы байқау өтті

Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде 2022 жылдың 11-16 сәуір аралығында музыкалық колледждер, училищелер және мамандандырылған мектептер оқушыларының арасында музыкалық–теориялық пәндер бойынша VI Халықаралық конкурс өтті. Дәстүр бойынша байқауды «Музыка теориясы» ПЦК-cы ұйымдастырды. Биылғы байқаудың ерекшелігі – жаңа номинация «Этносольфеджио» пәнінің енгізілуінде. Жалпы, Этносольфеджио пәні колледждің Домбыра және Музыка теориясы мамандықтарының студенттерінде жүргізіледі. Бұл әлдеқайда жаңа пән, оның әзірленуі және енгізілуі 90-шы жылдардың ортасынан басталды. Жаңа номинацияның енгізілуі осы пәнді жүргізетін республика колледждерінің оқытушылары тарапынан зор ықыласпен қабылданып, қолдау тапты. Этносольфеджио номинациясы бойынша конкурсқа Домбыра мамандығынан 26 студенттен және Музыка теориясы мамандығынан 6 студенттен, жалпы 32 өтінім қабылданды.

Аталмыш конкурстың қатысушыларының географиясын Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Жезқазған, Павлодар, Семей, Нұр-Сұлтан қалалары құрады. Байқау қашықтықтан және онлайн форматта өтті. Әр топта байқаудың 2 кезеңі өткізілді. Домбыра мамандығының қатысушылары берілген тақырыптарға импровизация жасап, күй диктанттарын жазды, теоретиктер – күй мен дәстүрлі әннің талдауларын ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары шығармашылық тәсілдерімен ерекшеленді, әсіресе қазылар алқасы Қазанғап, Сүгір, Дәулеткерей стилінде, сондай-ақ түрікмен, қазіргі заман стилінде ұсынылған тақырыптардағы импровизацияларды ерекше атап өтті. Музыка теориясы мамандығының қатысушылары дәстүрлі музыкалық материалды оқып-үйренудегі керемет шығармашылық құлшыныстарын көрсетті. Қатысушылар күй тақырыбына шығарған импровизацияларын домбырада орындап, аспаптың сүйемелдеуімен дәстүрлі әндерді шырқады. Жалпы, барлық қатысушылар білімдерін, байқауға мықты дайындықтарын көрсетіп, өз оқу орындарын лайықты түрде танытты. Этносольфеджио номинациясы бойынша қазылар алқасының таңдауымен Гран при жүлдесі біздің колледждің 3 курс студенті Нұрболат Тапаловқа тағайындалды.

Байқаудың қазылар алқасының құрамына Этносольфеджио пәнін оқытуда үлкен тәжірибеге ие ғалымдар мен педагог–практиктер енгізілді. Олар – өнертану кандидаттары Г.Т.Әльпейісова, А.Қ.Байбек, педагог-шебер Ж.Т.Мұхамеджанова, магистр С.Д.Байханова. Қазылар алқасын өнертану докторы, Қырғызстанның Халық әртісі Аманова Роза Асанқызы басқарды. Байқаудың жоғары нәтижелері колледж студенттерінің оқу-тәрбие процесінде мұндай байқауды өткізудің маңыздылығы туралы айтуға мүмкіндік береді.