«Кино сыры» шығармашылық кездесу

2022 жылдың  15 сәуір күні  Қазақстан Республикасының  Президенті  Қасым – Жомарт Тоқаев жариялаған «2022 жыл-балалар жылы» аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кәсіби даму институты және М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының бірлесе ұйымдастыруымен Қазақ Ұлттық өнер университеті педагогтарының қатысуымен «Кино сыры» атты  шығармашылық кездесу өткізілді. Кездесу қонақтары:  Иманберген  Марат Рақышұлы – белгілі  қоюшы-суретші, ҚР кинематографистер одағының және  Ұлттық кинематографиялық ғылым және өнер академиясының  мүшесі.

ҚазҰӨУ аға оқытушысы. Тайшанов Талғат Тұрғанбайұлы – қоюшы – кинооператор, режиссёр, продюсер, ТМД елдері телевизия және радио Еуразиялық академиясының, ҚР кинематографистер одағының және Ұлттық кинематографиялық ғылым және өнер академиясының  мүшесі, ҚазҰӨУ аға оқытушысы.

Кездесудің мақсаты  «Қазақтың 100 фильмі – ұрпақтар жадында»  жобасы аясында кино өнері арқылы ұлттық құндылықтарға баулу, оқушыларға  мамандық таңдауда бағыт беру.

Кездесуге «Өрлеу»  біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының мамандары, қала мектептерінің біліктілікті арттыру курсында білім алып жүрген  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және мектеп оқушылары қатысты.  Кездесу барысында  «Қазақ киносы» арқылы ұлт мұраты мен елдік идеяны насихаттау, кәсіптік бағыт бағдар беру бағытында мәліметтер айтылып, кино саласының майталмандары  қонақтарға көптеген сұрақтар қойылды. Киноның түсірілу барысы, қандай қиындықтары мен қызықтары бар, кино саласының маманы болу үшін қандай дайындық керек, кино операторы қандай білім алу керек, кино суретшісі болудың қандай қиындығы бар, т.б. көптеген сұрақтар қойылды.  Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз,  жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы үшін кино өнерінің де үлесі мол екеніне тағы да көз жеткізгендей болдық. Кездесу соңында қатысушылар сыр-сұқбаттың ерекше, қызықты болғанын, өздеріне ұнағанын айтып, алдағы уақытта да осындай кездесулер жиі болып тұрса деген ұсыныстарын білдірді.