ҚазҰӨУ есептік концертіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келді

Бүгін Ж.Жабаев залында Қазақ ұлттық өнер университетінің есеп беру концерті өтті.

Есеп беру концерті Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашылық өміріндегі жыл сайынғы маңызды оқиға болып табылады. Бүгін аталған концертке ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев келді. Концерттік бағдарлама үш блоктан тұрды: классикалық, дәстүрлі, эстрадалық.

Концерттік бағдарламаның көркемдік жетекшісі-ҚазҰӨУ ректоры, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева.

Концерттік бағдарламада әлемдік классикалық музыка өнерінің, қазақ халық композиторларының және Қазақстанның қазіргі заманғы композиторларының туындылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақ халық аспаптары оркестрінің, Еуразиялық симфониялық оркестрдің, үрмелі оркестрдің, студенттік хор капелласының, фольклорлық ансамбльдің, «Үміт» домбырашылар ансамблінің, қобызшылар ансамблінің, «Елігай» балалар хорының орындауында шырқалды. Сонымен қатар, есептік концертте ҚазҰӨУ-нің «Қуыршақ театрының әртісі», «Киім дизайны» мамандықтарының студенттері өнер көрсетті.