ҚазҰӨУ-де итальяндықсуретшінің шеберлік классы көрермендердің қызығушылығын тудырды

2022 жылдың 29 наурызында ҚазҰӨУ-де итальяндық заманауи өнер суретшісі Алессандро Шараффаның шеберлік классы өтті.
Шеберлік класстың тыңдаушылары ҚазҰӨУ-дің сценография, дизайн, арт-менеджмент, операторлық өнер, режиссура сынды түрлі мамандануының студенттері болды. Суретші «Қазақстан миссиясы» атты презентациясын ұсынды. Суретшінің ҚазҰӨУ-ге сапары 2022 жылдың 30 наурызында Нұр-Сұлтандағы «TSE Art Destination» галереясында Алессандро Шараффаның көрмесінің ашылуы аясында өтті.
Көрменің ашылуында Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марко Альберти мырза, галереяның көркемдік жетекшісі Бауыржан Сағиев және басқа да шақырылған қонақтар сөз сөйледі.
Жоба итальяндық заманауи өнерді әлемде ілгерілету мақсатында Италия Мәдениет министрлігінің Заманауи шығармашылық бас дирекциясының бағдарламасы болып табылатын Италия Кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды. Мультимедиялық инсталляциялар жасап, иммерсивті өнер бағытында жұмыс жасайтын суретші бұл жолы көрерменге музыкалық дыбыс, проекция, жарық әлеміне шақыратын «Симфония» жобасын ұсынды. Көрмені 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін «TSE Art Destination» галереясында тамашалауға болады.