Асыл аға есімізде

Асыл аға есімізде

Бүгін, 1 сәуір күні қазақ елінің мақтанышы, қазақ музыкасының «сайыпқыраны», әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туған күні.

Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам муызкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» кантатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Қабан жырау»,«Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім», «Куә бол» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған.

Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды. Оның сазы талай тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын.  Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпінге толы  композитордың әр шығармасы біздің, тіпті әр адамның жүрегінен мәңгілік орын алатыны анық.

Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем Әртісі, профессор,

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры

Айман Мұсақожаева