«Драма театры және кино артисі» мамандығының студенттері GITIS-fest фестивалінде жүлделі орынға ие болды

М. Әуезовтің әр драмалық шығармасында көркем образдар галереясы бар. Мақал-мәтелдер, фразалық тіркестер, айқышты сөздер көптеп қолданылады. «Еңлік-Кебектен» кейін жазылған гамлеттік оқиғаны бұлдыр елестететін «Қарагөз» пьесасы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді, пьеса 1926 жылы жарияланып, сол жылы Семейде қойылды. Репертуардан тез алынып тасталған осы туынды отыз жылдан кейін ғана сахнаға қайта оралады. «Қарагөз» трагедиясының көркемдік ерекшеліктері, шығармашылық тарихы, қойылымдары, тарихи негіздері жайында Әбділда Тәжібаев, Рымғали Нұрғалиев, Бағыбек Құндақбаев, Тұрсын Жұртбай, т.б. көптеген зерттеушінің еңбектері бар. Жан-жақты зерттелген. Шығарма күрделі психологиялық драма, беті айқын трагедия.

Қазақ ұлттық өнер университетінің «Драма театры және кино артисі» мамандануы бойынша 4 курс студенттері І Халықаралық дипломдық қойылымдар GITIS-fest фестивалінде дәл осы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклімен арнайы сыйлық «Үздік поэтикалық спектакль» иегері атанды.  Курс жетекшісі: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖАК профессоры Ләйла Ақназарқызы.

Осындай шоқтығы биік шығармаларды еш кедергісіз сахналауға мүмкіндіктері бар жастарды көру бір бақыт. Сіздерге ізденіс жолдарыңызда шалқар шабыт, тартулы табыстар тілейміз!

Шәкірттерін сан қырынан танытатын курс жетекшісі Ләйла Ақназарқызына алғысымызды білдіреміз