Стратегиялық маңызды, игілікті бастамалар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың  11 қаңтарындағы Қазақстан халқына мәлімдемесі және 21 қаңтардағы ірі бизнес  иелерімен кездесуіндегі сөзі Мемлекет басшысының бұл күндері шешімдерді уақтылы қабылдап қана қоймай, сонымен бірге болашақта жүзеге асырылуы тиіс шараларды да жіті ойластырғаны аңғарылады.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемелерінде болған оқиғаларды саралап, бұл дағдарыстан Қазақстанның қуатты әрі күшті мемлекет болып шығатындығына нық сенім білдірді. Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінен бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар кешенін жүзеге асыру бастамасы көтерілді

Тоқаев тәуелсіздік алғалы бері елде әлеуметтік, бизнес, экономика және ұлттық байлықты игеру саласында қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен проблемаларды, ашық айтып, қордаланған мәселелерді алдағы уақытта тиісті дәрежеде шешілетінін баса көрсетуі көңілге сенім ұялатады. Президент осы уақытқа дейін шамадан тыс байып кеткен компаниялар мен олигархтар тобы елдегі бәсекелестікті төмендеткенін баса айтты.

Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Соның ішінде Қазақстан бойынша халық наразылығының басталуына түрткі болған басты мәселе – елдегі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі. Осыған орай жаңа құраммен жасақталған Үкіметке макроэкономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және әлеуметтік мәселелерді шешуді қатаң тапсырды.

Қазақстан Республикасының Президенті қаңтардан кейінгі дамудың бағыттарын анықтап, жаңа үкіметке бірқатар міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды. Соның ішінде мәдениет пен білім беру саласына аса мән берді. Жоғары мәдениет пен білім салтанат құрған мемлекет қана террорлық әрекеттерге, экстремистік пиғылдағы топтардың жұмысына тосқауыл болатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысының заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екені туралы айтқан сөздерінің жарығы мен жылуы барлығымыздың жүрегімізді тербеді.

Бай мен кедей арасын алшақтата түскен олигополияға жол азаятынын, жұмыссыздықты жою жолында  жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатынын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында техникалық бағыттағы мамандықтарға мән берілетінін айтты. Сондай-ақ бес жаңа жоғары оқу орны, оның ішінде екеуі батыс аймақта ашылатынын, «Атамекен» гранты көлемінің 400 АЕК  –  116 680 теңгеге дейін өсетінін ескертті.

Әлеуметтік жағдайға қатысты халықтың қоры – «Қазақстан халқына» өз жұмысын бастады. Президентіміз жаңа Қазақстанды құрып, толыққанды реформалар жүргізіп, халықтың жағдайын жақсартуды қолға алғаны үлкен бастама деп санаймыз. Енді осы мәселелер бойынша тапсырма алған тиісті ұйымдар әділ, дұрыс жүзеге асырса деп күтеміз.

Отанымызда келешекте мұндай қайғы-қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға алып келген алғышарттар мен себептерді жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу-үлкен мақсат. Бұлардың барлығын, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттардың киелі орындалуына жауапкершілікті өз мойнына алған Мемлекет басшысының ержүректігін, өз халқының қамы үшін жанашыр екенін көрсетеді.

Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары Мемлекет басшысының еліміздің кемел келешегі үшін бағытталған әр бастамасын қолдайды. Халқымыздың тұтастығы мен бірлігін сақтау және еліміздің көркейіп, өркендеуі үшін қоғамның барлық саласында жүргізілетін реформаларға қолдау көрсетуге дайынбыз.

Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем Әртісі, профессор,

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры

Айман Мұсақожаева