ҚазҰӨУ профессоры аудармашы, театр сыншысы, Әшірбек Төребайұлы Сығайдың туған күні

Бүгін  біздің әріптесіміз,  Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты, аудармашы, театр сыншысы, Әшірбек Төребайұлы Сығайдың туған күні. Қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі болған, мәдениет пен өнерге өлшеусіз еңбек еткен тау тұлға, бекзат өнердің дәріптеушісі, дарынды зерттеушісі бола білген Әшірбек Төребайұлының есімі жылдар өткен сайын жаңғыра бермек.

Өшпес, өміршең мұра қалдырған өнер қайраткерінің туған күні құтты болғай!
Әшірбек Сығай «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағлымы», «Толғам», «Талдықорған театры», «Ой төрінде – театр», «Ән тағдыр», «Актер әлемі» атты кітаптардың, сондай-ақ жетпіске жуық телехабарлардың авторы.  Қаламгер әлем драматургтерінің пьесаларын қазақ тіліне аударды, олар республикамыздың театрларында сахналанды.

Әшірбек Сығайдың өнерге сіңірген еңбегі қазақ мәдениеті, әсіресе қазақ театры алдында үлкен құрметке ие. Қазақтың біртуар тұлғасы әр жылдары Мәдениет министрлігінде жұмыс істеді, кейін Алматыдағы қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ұстаздық етті, соңғы жылдарында біздің Қазақ ұлттық өнер университетінде жастармен өз ақылымен бөлісіп, қызмет жасады.

Саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына арнаған өнер қайраткерінің ұстаздық жолы да жемісті болды. Театртану және актерлік өнер мамандықтары бойынша бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде еліміздің облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы театрлар, Жоғарғы оқу орындарында Ә.Сығай шәкірттері түрлі лауазымда жауапты қызметтер атқаруда. Қазақ театр сынының қалыптасуы мен дамуында сара жолын сала білген саңлақ сыншы ӘШІРБЕК СЫҒАЙ есімі ұмытылмайды.
Еліміздің театрлық мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдыру, елімізді өркендету жолындағы еңбектері еш ұмытылмас.

Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем Әртісі, профессор,

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева