ҚазҰӨУ Өзбекстан мәдениет қайраткерлерінің делегациясын жылы қарсы алды

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёвтің мемлекеттік сапары аясында Қазақстанның Халық әртісі, ЮНЕСКО – ның «Бейбітшілік үшін әртіс» құрметті атағының иегері, Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, ҚазҰӨУ ректоры Айман Қожабекқызы Мұсақожаева бастаған Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұжымы Өзбекстанның музыка, театр және кинематография саласындағы танымал өнер қайраткерлерінің делегациясын күтіп алды.
Университеттің басты холл залында қонақтарды ҚазҰӨУ қазақ халық аспаптар оркестрі қарсы алды, одан әрі галереяда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған профессор-оқытушылар құрамының бейнелеу өнері туындыларының көрмесі ұсынылды.
Қонақтар көрмені, сондай-ақ киіз басу, ши тоқу, кесте тігу сияқты қазақтың сән-қолданбалы өнерінің дәстүрлі түрлері бойынша шеберлік-классты қызығушылықпен тамашалады.
Сонымен қатар Өзбекстаннан келген қонақтарға сән саласындағы Халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары болып табылатын «Киім дизайны» және «Театр, кино және ТД костюм сценографиясы» мамандықтарының студенттері мен түлектері орындаған этно және неофольк стиліндегі киім топтамаларының көрсетілімі ұсынылды.
Делегация кинопавильонды ерекше қызығушылықпен қарап, «Кино өнері және телевизия» факультетінің ПОҚ өкілдерімен әңгімелесті, сонымен қатар қазақ режиссері Әзербайжан Мамбетовке арналған оқу қанатындағы оқу театрлар мен аудиторияларды тамашалады.
Екі жақты кездесу ҚазҰӨУ Жамбыл Жабаев залында құрметті қонақтар үшін арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертпен аяқталды. Концерт бағдарламасында оркестр сүйемелдеуімен қазақ музыкасының классикалық және заманауи шығармалары орындалды. Көрермендер алдында Талғат Мұсабаев, Айзада Капонова сияқты опера солистері, дәстүрлі қазақ музыкасы жанрындағы орындаушылар Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева, сонымен қатар Рухия Байдукенова, Ержан Максим және т.б. эстрадалық жанрдағы әншілер өнер көрсетті. Барлық шығармалар, сондай-ақ «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындаған күйлері көрермен қошеметіне бөленді.