Елімнің ертеңі – өнерімнің өркені» атты сурет көрмесі ҚР Ұлттық музейінде ашылды

2021 жылдың 30 қарашасында Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Көркемөнер» факультетінің «Елімнің ертеңі – өнерімнің өркені» атты сурет көрмесі ҚР Ұлттық музейінде ашылды.

Экспозицияға ҚазҰӨУ мектеп, колледж және Көркемөнер факультетінің бакалавриат және магистратура түлектерінің 300-ге жуық таңдамалы кескіндеме, графика, мүсін, сценография, дизайн саласындағы шығармалары ұсынылды.

Көрме ұйымдастырушылары – Көркемөнер факультетінің деканы Мұхтарова Ғ. С., «Кескіндеме және мүсін» кафедрасының меңгерушісі Смағұлов А.С., «Сценография және сәндік өнер» кафедрасының меңгерушісі Тоқсанова А. А., ҚазҰӨУ колледж «Бейнелеу өнері» ПЦК меңгерушісі Жұмағалиева Ә. М.

Көрменің ашылуында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов, ҚазҰӨУ Ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, профессор Егінбаева Тойжан Жылқайдарқызы және «Кескіндеме және мүсін» кафедрасының профессоры Ижанов Байқоңыр және Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Суретшілер одағының төрағасы Исмаилов Өмірәлі сөз сөйледі.

Көрменің ашылуы аясында Халықаралық және Республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары – Гүлнұр Әмірова, Айзада Аманжолова, Мұхтар Іңкәр «Киім дизайны» және «Театр, кино және ТД костюм сценографиясы» мамандықтар түлектерінің этно және неофольк стиліндегі киім топтамаларының дефиле көрсетілімі өтті. Дефиле студент Самиғолла Бекзаданың орындауымен жетіген аспабымен сүйемелдеңді.

Көрмеде «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Нұрболат, Сырым Мүсеріп, Әсел Кемелбаеваның, Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының лауреаты Айдана Құлахметованың, сондай-ақ Италия, Чехия, Ресейде өткен Халықаралық фестивальдарының Гран-При және жүлделі орындар лауреаттарының және факультеттің қазіргі студенттерінің шығармалары ұсынылды.

Көрме барысында қонақтар алдында «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің деканы Марат Нүкеевтің жетекшілігімен ҚазҰӨУ-нің «Сырлы саз» студенттік ансамблі өнер көрсетті, олар қазақ халық музыкасының күйлері мен сарындарын, сондай-ақ заманауи композиторлардың шығармаларын орындады.

Көрменің барлық қатысушылары: суретшілер, дизайнерлер, модельдер, музыканттар ҚазҰӨУ студенттері болып табылады, көрме жастарға олардың шығармашылық жетістіктерін дәріптейтін және ынталандыратын оқиға болды. Көрме 2022 жылдың қаңтар айының соңына дейін жалғасады.