Қазақконцерт Мемлекеттік рәміздер күніне орай үлкен симфониялық концерт өткізді

«Концерттік симфония» деп аталатын үлкен симфониялық концертті «Қазақконцерт» ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Мемлекеттік рәміздер күніне арнады.

Бұл кеште атақты классикалық композиторлардың музыкасы Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрдің орындауында шырқалды.

Симфониялық оркестрмен бірге сахна төрінде әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева өнер көрсетті. Сонымен қатар өзінің орындаушылық шеберлігін бұл кеште симфониялық оркестрдің солисі Дастан Балагумаров көрсетті. Скрипка және альт аспаптарында Бетховеннің, Моцарттың және отандық композитор Алмас Серкебаевтың туындыларын орындаған солистер қалың көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Талантымен әлемге мәлім скрипкашы Айман Мұсақожаева Қазақконцерттің бас сахнасындағы бұл симфониялық кеш Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Мемлекеттік рәміздер күніне арнайы тарту екендігін жеткізді.

– Бұл біздің карантиннен кейін ұзақ күткен концертіміз. Бүгін «Қазақконцерт» ұйымының үлкен сахнасында көрермен қауыммен сағына көрісіп, үлкен әсер алдық. Жаңа концерттік бағдарлама ерекше. Ұзақ уақыт бойы карантинде болып, түрлі қиындықтарға төтеп берген көрермен атақты композиторлардың музыкасы арқылы өмірдің басты құндылықтарына жаңаша көзқарас қалыптастырып, музыка құдіреті арқылы түрлі эмоцияларды сезіне алады. Музыка әрдайым баршамызға шабыт беріп, рухани күш-қуат сыйласын, – деді Айман Қожабекқызы.

Айман Мұсақожаеваның көркемдік жетекшілігімен өнер көрсететін Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестр де талғампаз өнер сүйер қауымды жоғары шеберлік деңгейімен тәнті етті. Дирижерлік тұғырда оркестрмен жұмыс істеген Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, дирижер Камолиддин Уринбаев  та оркестрдің өнерін жоғары бағалады.

– Музыкалық өнер шекараларға бағынбайды, музыка және талант – біздің ортақ тіліміз. Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – бұл нағыз жоғары кәсіби өнер ұжымы. Оркестрдің шеберлігі жоғары деңгейде. Сондай-ақ Қазақстанда классикалық өнерге үлкен қолдау көрсетілетіні ерекше қуантады, – деп жеткізді маэстро Камолиддин Уринбаев.

«Қазақконцерт» ұйымында мәлімдегендей, бүгінгі мерекелік кеш маусым айындағы жаңа концерттердің алғашқысы ғана. Биыл өзінің 60-шы мерейтойлық маусымын өткізіп жатқан «Қазақконцерт» ұйымы көрермен қауымды жаздың алғашқы айында офлайн форматтағы тағы 9 концертпен қуантпақ. Аталмыш концерттер «Жұлдызбен бір сахнада» атты жаңа жобасы аясында өтеді.

Жаңа жобаның басты ерекшелігі – көрермендер концерттерді әртістермен бірге сахнада отырып тамашалап, концерттердің тікелей қатысушысы бола алады. Әртістер өнер сүйер қауымға жақынырақ бола түсіп, жаңаша әсер мен ерекше көңіл-күй сыйламақ.

We are using cookies to give you the best experience. You can find out more about which cookies we are using or switch them off in privacy settings.
AcceptPrivacy Settings

GDPR