Дәстүрлі музыкалық өнер факультетіне қарайтын Домбыра кафедрасы мектеп, коллледж, бакалавриат, магистратура оқу сатылары бойынша мамандарды дайындайды. Кафедра меңгерушісі – Республикалық байқаулардың лауреаты, өнертану магистрі Б.Ә. Әбенов.

Кафедра түлектері арнайы музыкалық мектептер мен музыкалық колледждерде оқытушы, оркестр әртісі және мәдениет саласының қызметкері, концерттік бірлестіктер мен филармонияларда жеке орындаушы ретінде қызмет етеді. Магистратурада білім алушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, арнайы магистрлік диссертацияларын қорғайды.

Қазіргі таңда кафедра құрамында профессорлар – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері О.К.Дүйсен, Ж.Ә.Жүзбай, А.Е.Тоқтаған, Д.Ж.Ғылымов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Т.Б.Әліпбаев, доценттер – PhD доктор, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Е.Тұрымбетова, Е.Б.Басығараев, аға оқытушылар – Р.Әбілханұлы, Н.Б.Тапалов, Мәдениет қайраткері М.Б.Нүкеев, Мәдениет саласының үздігі Ж.Б.Қадырқұлов, Б.Ә.Әбенов, оқытушылар, өнертану магистрлері: А.А.Тоқтаған, Д.Т.Тапеновтер жемісті еңбек етуде.

Кафедра оқытушылары монографиялар, күй жинақтарын, хрестоматиялар мен халық аспаптары оркестрі мен амсамбльдеріне арналған партитураларды жарыққа шығарды. Атақты күйші – композиторларымыздың атаулы мерейтойларына арналған концерттер мен шеберлік сыныптар, ашық сабақтар мен алқалы мәжілістер өткізіп тұрады. Сонымен қатар кафедра ұйымдастыруымен «Қос ішек» күйшілер конкурсы дәстүрлі түрде өтіп жүр (жоба авторы Ж.Қадырқұлов).

Соңғы жылдары О.Дүйсеннің «Ұлы Көш», «Балдырған», Ж.Жүзбайдың «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары», «Шертпе күй хрестоматиясы», «Ақсақ құлан»,  «Толғау», Е.Басығараевтың «Толқында», «Серпер ақжелең», Ж.Қадырқұловтың «Күй-Мұра», «Бабалар сазы», Б.Әбеновтың «Арман», А.Тоқтағанның «Заман-ай» атты кітаптары жарық көрді.

Кафедраның концерттік қызметі де дұрыс жолға қойылған. Оқытушылар «Астана-Арқау», «Астанаға тарту», «Ұлы дала сазы» дәстүрлі орындаушылар концерттеріне, түрлі радиохабарлар мен тележобаларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Сонымен қатар әрбір оқытушы жылда есептік, сыныптық концерттерін беріп жүр. Кафедра студенттерінен құралған «Шабыт» домбырашылар ансамблі шетелдердің атақты концерт залдарында өз өнерлерін паш етуде (Жетекшісі А.Тұрымбетова).

Құрамы сапалы жасақталған «Домбыра» кафедрасының негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі күйшілік аймақтарының ерекшеліктерін зерттеп, халқымыздың руханиятына үлес қосу, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

We are using cookies to give you the best experience. You can find out more about which cookies we are using or switch them off in privacy settings.
AcceptPrivacy Settings

GDPR