Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды

Бүгінгі таңда қазақ өнері үлкен қайғыға душар болды. Қазақ өнерінің сайгүлігі, композитор, педагог, ардақты ақсақалымыз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев өмірден озды.  Бүкіл ғұмыры қазақтың музыкалық, оның ішінде — эстарада өнерінің өркендеп, қанат жайуына арнаған еңбегі, сарқылмас қайнарға айналды. «Сәлем саған туған ел», «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада» тағы көптеген әндер,  сол сияқты балаларға жазған әндері, симфониялық оркестрге жазған шығармалары қазақ өнерінің мұрасын байыта түсті. Біздің өскелең ұрпақтарамыз осы әндермен сусындап, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсті, өркендеді.

Ол — «Толғау» симфониясының (1984), «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының (1996), «О, дүние» кантатасының (1997), «Жыл мезгілдері» романстар циклінің (1991), «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы. Дүйсекеев әндерін Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова, А.Мейірбеков, Н.Өнербаев, М.Дәулетбақова, т.б. әншілер орындап жүр.

Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры, қаншама шәкірттер тәрбиелеп, өзінің іс тәжірибелерін ұстаздармен бөлісіп, рухани тәрбиемен сусындатты. Сіздің жасаған ұшан теңіз еңбегіңізді кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Рухани мұраңыз өзіңізбен бірге мәңгі жасай береді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы Мұсахаджаева және ұстаздар ұжымының атынан жан жары Баян апамыз бен ұлы Нүркенге және немерелеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Кеңес ағамыздың жаны жәннатта болсын. Алды пейіш, арты кеніш болсын демекпіз.

А.Мұсахаджаева және ұстаздар мен ұжымы.

Похожие пост