ҚОРҚЫТ АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ

    Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институты Университет жанынан 2011 жылы құрылған. Институт қызметінің негізгі мақсаты − қазақ халқының дәстүрлі өнерін кешенді түрде жинақтау, зерттеу, насихаттау. Халқымыздың мәдениетін жан-жақты зерттеп-зерделеу фольклортану, әдебиеттану, мәдениеттану, өнертану салалары бойынша жүргізіледі. Тұтас ұлттық өнерді зерттеуді  көздегендіктен, рухани мұраларды жинақтау мен зерттеу  республика деңгейінде ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттерді де қамтиды. 

Институтты 2012 жылдан бері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков басқарады. Қазіргі таңда институт құрамында ғылым докторлары – Ш.Ыбыраев, Р.Әлмұханова, ғылым кандидаттары – С.Еламанова, Ш.Қойлыбаев, PhD докторы Г.Шадиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Қазақбаев, елге белгілі жыршы-термешілер – А.Көмекұлы. Е.Иса т,б. мамандар қызмет атқарады.

Институт құрылымы – Қорқыт Ата мұрасын зерттеу лабораториясы, Қазақ халқының сөз өнерін зерттеу лабораториясы, Қазақ халқының саз өнерін зерттеу лабораториясы деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Қорқыт Ата мұрасын зерттеу лабораториясын қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Қазақбаев басқарады. Қазақ халқының сөз өнерін зерттеу лабораториясына филология ғылымдарының докторы Р.Әлмұханова жетекшілік етеді. Қазақ халқының саз өнерін зерттеу лаборториясының меңгерушісі – өнертану ғылымдарының кандидаты С.Еламанова.  

Бүгінде институт ғалымдары филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтың жетекшілігімен таяудағы үш жылға әзірленген жұмыс жоспарымен жұсым істеуде.

Қорқыт ата мұрасын зерттеу лабораториясы бүгінде Қорқыт мұраларын жинақтау шығаруға жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Қорқыттың әдеби мұрасы мен Қорқыттың музыкалық мұрасы жеке ғылыми жинақ болып әзірленуде. Бұл бағытта Қорқыт мұрасын қастер тұтатын Түркия, Өзбекстан Әзірбайжан, Түркменстан елдері Қорқыттанушы ғалымдарымен ғылыми байланыстар орнатылған.

Қазақ халқының сөз өнерін зерттеу лабораториясы «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы бойынша жұмыстар атқаруда. Зертхана ғалымдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақ айтысының 7 томдығын жарыққа шығарды. Молда Мұса шығармалары жинақталып жарық көрді. Зертхана ғалымдары бүгінде Қазақ халқының шешендік, жыраулық, жыршылық, әншілік, күйшілік өнерлеріне қатысты 18 том кітаптар шығару жолында еңбектенуде.

2017 жылы Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтың 80 жасқа толуына байланысты «Дүние шіркін» партитуралар жинағы, «Кісілік кітабы», «Күндерімнің куәсі», «Таң қаламын өмірдің ғажабына», «Көне түрк жазба ескерткіштері», «Еліне сөзі ем болған» атты еңбектер жарық көрді. 

Қазақ халқының саз өнерін зерттеу лабораториясы музыкалық мұраларды жинақтау, ғылыми-тәжірибелік жұмыстар мен семинар, шеберлік дәрістерін өткізу,  мемлекеттік, халықаралық ғылыми-зерттеу гранттарына және қоғамдық жұмыстарға қатысу бағыттары бойынша жұмыстар атқарды. Еліміз аумағына және қандастар тұратын шет мемлекеттерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырады. 

Қазіргі таңда лаборторияның электронды қорында 4000-ға жуық шығарма бар. Медиатекаға тапсырылған музыкалық шығармалар оқу бағдарламаларында қолданылуда.

Бүгінде ғылыми айналымда жоқ ән-күйлерді ел ішінен тауып насихаттау мақсатында біршама істер атқарылды. Мәселен Монғолияда жарық көрген «Баян Өлгий қазақтарының сыбызғы және домбыраға арналған күйлері», «Баян-Өлгий қазақтарының халық әндері» атты күй жинақтарының мәтіні мен ноталары, Қытайда жарияланған «Бейсембі күйші», «Күй толқыны» атты күй жинақтарының мәтіні мен ноталарының электрондық нұсқасы жасалып,  сандық ноталары транснотацияланды. Сонымен бірге «Күйші Жанғали», «Іле өңірінің күйлері» атты жинақ баспаға дайындалды.

Фольклорлы-этнографиялық экспедициялық жұмыстар еліміздің солтүстік (Көкшетау, Ақмола), оңтүстік (Жамбыл, Шымкент), шығыс өңірлері (Семей, Өскемен) бойынша жүргізілді.

Мемлекет тарапынан Елбасы 2012 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны» қорғау конвенциясына қол қоюына байланысты рухани мұрамызды қорғау, сақтау, насихаттау барысында семинарлар ұйымдастырылды. ЮНЕСКО ұйымына ҚазҰӨУ тарапынан «Дәстүрлі күй өнері» номинациясын адамзаттың рухани-мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу, ЮНЕСКО-ға адамзаттың рухани-мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне ұсыналатын номинацияларды айқындау мақсатында дөңгелек үстөл, семинарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Айтыс өнері», «Қазақтың әншілік өнері», «Қазақтың домбыра күйлері», «Сыбызғышылық дәстүр», «Шаңқобыз аспабында орындау», «Қара өлең» мұралыры «Ұлттық рухани – мәдени құндылықтар тізімі» және ЮНЕСКО-ға адамзаттың рухани-мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне еліміздің атынан ұсынылды.